Көпшілік алдында сөйлеуге қалай дайындалу керек?
Тыңдаушыларды жалықтырмай, қызықты баяндама жасау үшін не істеу керек? Презентацияны қалай дайындап, ойыңызды аудиторияға қалай жеткізесіз?
Бұл мақалада баяндаманы дайындаудан бастап сахнада сөйлеуге дейін көмектесетін кеңестер жинадық. Материал «Говори красиво, выступай легко» кітабына және конференциялар мен митаптарда жинаған тәжірибемізге сүйеніп жазылды.
Қысқаша (TL;DR)
- Баяндамаңызға 1–3 минуттық шағын оқиғалар қосыңыз.
- Нақты бизнес-кейстер мен өз тәжірибеңізден мысалдар келтіріңіз.
- Баяндаманың басы мен соңын алдын ала дайындап, бірнеше рет қайталаңыз.
- Слайдқа ұзақ мәтін жазбаңыз.
- Бірнеше нәрсені тізіп айтсаңыз, оларды слайдта да көрсетіңіз.
- Қажет болса, тізімдегі әр тармаққа жеке слайд арнаңыз.
- Слайдтар сөзіңізді қайталамай, толықтырып тұрсын.
- Ұзақ әрі күрделі сөйлемдерден аулақ болыңыз.
- Ойыңызды қысқа әрі нақты жеткізіңіз. Артық сөзді алып тастаңыз.
- «Көрсеткіш 5 есе арттырылды» деудің орнына «Көрсеткішті 5 есе арттырдық» деп жазыңыз.
- Нәтижені нақты сандармен көрсетіңіз: «3 есе жылдамдаттық», «Шығынды 50%-ға азайттық».
- Сурет, диаграмма мен сызбаларды көбірек қолданыңыз.
- Өзіңізді таныстыратын слайд дайындаңыз. Кім екеніңізді, қайда жұмыс істейтініңізді, немен айналысатыныңызды қысқаша айтыңыз. Оны әдетте титулдық слайдтан кейін көрсетеді.
- Соңғы слайдта байланыс деректеріңіз болсын. Әлеуметтік желіге немесе жеке сайтыңызға QR-код арқылы сілтеме бере аласыз.
- Баяндамаңызды 1–3 рет дауыстап қайталаңыз. Мүмкіндігіңіз болса, көбірек жаттығыңыз.
- Дайындығыңызды видеоға түсіріп, қайта қарап шығыңыз. Қай жерін қысқартуға не жақсартуға болатынын байқап, тағы жаттығыңыз.
Сторителлинг
Өзіңіз бен жобаңыз туралы оқиғалар айтыңыз
Адамдар құрғақ теориядан гөрі шынайы оқиғаларды қызыға тыңдайды. Әсіресе біреудің қандай қиындыққа тап болғаны, оны қалай шешкені және одан не үйренгені есте қалады.
Баяндамаңызда өзіңіз немесе командаңыз кездескен мәселелерді мысалға келтіріңіз. Не дұрыс болмады? Қандай шешімдерді байқап көрдіңіздер? Қайсысы нәтиже берді, ал неден бас тартуға тура келді?
Тек сәтті шыққан жобалар туралы айту міндетті емес. Кейде жіберген қателігіңіз бен одан алған сабағыңыз мінсіз шешімнен де пайдалы болуы мүмкін.
Оқиғаны өз атыңыздан айтыңыз. «Мен» немесе «біз» деуден қысылмаңыз. Тыңдаушыларға сіздің тәжірибеңізді түсіну оңайырақ болады. Оның үстіне, шынайы оқиға келесі маңызды ойға табиғи түрде жетелейді.
Қызықты оқиғаны қалай құруға болады?
Кез келген жақсы оқиғаның өз желісі бар. Баяндамада да осы қарапайым құрылымды қолдануға болады:
- Таныстыру. Оқиға кім туралы? Жоба немесе команда немен айналысады?
- Мәселе. Не болды? Бұл қиындық неге маңызды еді?
- Шешім іздеу. Алдымен не істедіңіздер? Бірінші тәсіл көмектеспесе, тағы нені сынадыңыздар?
- Нәтиже. Мәселені қалай шештіңіздер? Соңында қандай қорытындыға келдіңіздер?
Бұл жақсы фильмнің оқиғасына ұқсайды: кейіпкер бір қиындыққа тап болады, одан шығудың жолын іздейді, ақырында бір нәтижеге жетеді. Тыңдаушылар да сіздің орныңызға өзін қойып, оқиғаның қалай аяқталатынын білгісі келеді.
Бірақ оқиғаны тым созбаңыз. Мүмкіндігінше 1 минутта айтып беріңіз, ең көбі 3 минутқа сыйдырыңыз. Ұзақ кіріспеден гөрі мәселенің өзіне, шешімге және одан алған тәжірибеңізге көбірек тоқталыңыз.
Сөйлеу мәнері
Аудитория сізді тыңдауға міндетті емес. Тыңдаушылардың қызығушылығын оятып, назарын ұстап тұру спикердің өз қолында.
Жақсы баяндаманың екі тірегі бар:
- Негізгі ой. Тыңдаушыларға не айтқыңыз келеді?
- Құрылым. Сол ойды қандай ретпен жеткізесіз?
Дайындықты бастамас бұрын өзіңізге екі сұрақ қойыңыз:
- Баяндамам не туралы? Тыңдаушылардың қандай ойына немесе көзқарасына әсер еткім келеді?
- Сол үшін қандай деректерді, оқиғалар мен мысалдарды қолданамын?
Негізгі ойыңызды бірнеше тәсілмен айтып көріңіз. Ең түсінікті әрі нақты естілетін нұсқасын таңдаңыз.
Тыңдаушылардың назарын қалай сақтауға болады?
- Қысқа әрі түсінікті сөйлеңіз.
- Бірсарынды сөйлеп кетпеңіз.
- Маңызды ойларға келгенде дауыс ырғағын өзгертіңіз.
- Тыңдаушыларға ойлануға уақыт беру үшін арасында кідіріс жасаңыз.
- Күрделі термин кездессе, қажет жерінде қысқаша түсіндіріңіз.
Бірсарынды сөйлеу ұйқы шақырады. Ал дауыс ырғағы мен орынды кідіріс қай тұстың маңызды екенін көрсетіп, айтқаныңызды ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді.
Баяндаманы қалай бастап, қалай аяқтаған дұрыс?
Баяндаманың басы мен соңы ерекше маңызды. Басында қызықтыра алмасаңыз, аудиторияның назарын қайта аудару қиын. Ал жақсы басталған баяндаманың соңы әлсіз болса, алғашқы әсер де көмескіленеді.
Сондықтан кіріспе мен қорытындыны алдын ала ойластырып, бірнеше рет қайталаңыз. Әсіресе алғашқы және соңғы сөйлемдерді сенімді айта алатындай дайындалыңыз.
Сахнаға шыққан бойда сөйлеп кетуге асықпаңыз. Әуелі залға көз жүгіртіп, тынысыңызды реттеңіз. Содан кейін бастаңыз.
Тыңдаушыларға сұрақ қоюға, қызықты дерек келтіруге немесе бір қарағанда даулы көрінетін ой айтуға болады. Кейін баяндама барысында сол ойды ашып бересіз. Ең бастысы, алғашқы сәттен қызығушылық ояту.
Слайдтарды дайындау
Слайд сіздің орныңызға сөйлемейді. Ол айтқаныңызды толықтырып, күрделі ойды көрнекі түрде түсіндіруге көмектеседі.
Егер слайд толған мәтін болса, тыңдаушылар не оны оқиды, не сізді тыңдайды. Екеуіне бірдей назар аудару қиын. Сондықтан слайдты мүмкіндігінше қарапайым жасаңыз.
Әр слайдта бір негізгі ой болсын
Слайдқа қараған адам оның не туралы екенін бірден түсінуі керек. Нені көрсеткіңіз келсе, назарды сол жерге аударыңыз.
Мысалы, код көрсетсеңіз, маңызды жолдарды белгілеңіз. Кодтың бірнеше жерін түсіндіру қажет болса, әрқайсысын бөлек слайдқа шығарған дұрыс. Сонда тыңдаушылар дәл сол сәтте сіз айтып тұрған бөлікке қарайды.
Тізімдерге де осы тәсіл жарайды. Барлық тармақты бірден көрсетудің орнына, жаңа ой айтылған сайын бір тармақ қосыңыз. Қазір талқылап жатқан тармақты ерекшелеуге де болады.
Слайдтағы мәтінді ықшамдаңыз
Слайдта әдеби тілмен ұзақ сөйлем құраудың қажеті жоқ. Негізгі ойды тез түсінуге көмектесетін қысқа, нақты тіркестерді таңдаңыз.
Ұзақ сөйлем:
«Жаңа шешім жүйенің өнімділігін 3 есе арттыруға мүмкіндік береді».
Ықшам сөйлем:
«Жаңа шешім өнімділікті 3 есе арттырады».
Тағы бір мысал:
Ұзақ сөйлем:
«Біз пайдаланушыларды тіркеу процесінің жылдамдығын 2 есе арттырдық».
Ықшам сөйлем:
«Тіркелуді 2 есе жылдамдаттық».
Істелген жұмысты тікелей айтыңыз. «Көрсеткіш 5 есе арттырылды» дегеннен гөрі «Көрсеткішті 5 есе арттырдық» деген түсініктірек.
Әр слайдта бір ойды бір қарапайым сөйлеммен жеткізуге тырысыңыз. Кейде сөйлемдегі «біз» сөзінің өзі артық: кімнің жасағаны онсыз да белгілі.
Слайдтарды көрнекі етіңіз
Ұзақ мәтіннің орнына ойыңызды тез түсіндіретін нәрселерді қолданыңыз:
- Диаграммалар мен графиктер
- Суреттер мен иллюстрациялар
- Скриншоттар
- Нақты сандар мен көрсеткіштер
- «Бұрын» және «кейін» салыстырулары
- Қажет болғанда қысқа код үзінділері
Кодты да, диаграмманы да тек көрсету үшін қоспаңыз. Тыңдаушыларға оның қай бөлігіне қарау керегін түсіндіріңіз.
Салыстыру жасасаңыз, түстер арқылы айырмашылықты көрсетуге болады. Мысалы, жақсы нәтижені жасылмен, ал мәселе мен қатені қызылмен белгілеңіз.
Ең бастысы, слайдқа бәрін сыйғызуға тырыспаңыз. Тыңдаушылар көретін ақпарат сіз айтып тұрған ойға қызмет етсін.
Баяндамаға дайындық
Сахнаға шығар алдында қобалжу қалыпты. Оны азайтудың ең тиімді жолдарының бірі дайындық пен қайталау.
Мына кеңестер көмектесуі мүмкін:
- Баяндама жоспарын жазып, үйде бірнеше рет дауыстап қайталаңыз.
- Сахнаға шығар алдында бірнеше рет терең дем алып, тынысыңызды реттеңіз.
- Анық сөйлеу үшін жаңылтпаш айтып, тіліңізді жаттықтырыңыз.
- Сахнаға асықпай, кезегіңіз келгенде шығыңыз. Алдымен залдың тынышталғанын күтіңіз.
- Баяндамаға бірнеше минут қалғанда артық әңгімеге алаңдамаған дұрыс.
- Сахнаға шыққан алғашқы 2–4 секундта сөйлемей, аудиторияға көз жүгіртіңіз. Содан кейін бастаңыз.
Сұрақтарға жауап беру
Баяндама біткен соң тыңдаушылармен пікір алмасуға уақыт бөлінеді. Бұл да баяндамаңыздың маңызды бөлігі.
Ең алғашқы сұрақты қоюға залдағы танысыңыздан көмек сұрауға болады. Бір адам сұрақ қойғаннан кейін өзгелер де белсендірек қатысуы мүмкін.
Ешкім сұрақ қоймаса, жиі кездесетін бір сұрақты өзіңіз көтеріп, жауап беріңіз.
Жауапты қысқа әрі түсінікті беріңіз, бірақ бір сөзбен шектелмеңіз. Егер жауабын білмесеңіз, ашық айтыңыз. Қалай ізденеріңізді немесе мәселені қалай шешеріңізді айтып, аудиториямен бірге ойлануға болады.
Барлық сұрақтың жауабын білу шарт емес. Ең маңыздысы, ашық әрі пайдалы әңгіме құра білу.
AlmatyJS Light-қа дайындық
AlmatyJS Light форматында әр спикерге 15 минут беріледі. Бұл формат:
- үлкен конференция алдында баяндамаңызды сынап көруге;
- көпшілік алдында сөйлеуді енді бастап жүргендерге тәжірибе жинауға;
- өз тақырыбыңызды аудиториямен талқылап, кері байланыс алуға арналған.
15 минутты тиімді пайдаланыңыз
Уақыт аз болғандықтан, бәрін қамтуға тырыспаңыз. Бір нақты мәселені таңдап, соған назар аударыңыз.
Баяндамаңыз мына үш сұраққа жауап берсе жеткілікті:
- Қандай мәселе болды?
- Оны шешу үшін қандай тәсілдерді байқап көрдіңіздер?
- Соңында қандай нәтижеге жеттіңіздер?
AlmatyJS Light технологияның құжаттамасын қайталап беру немесе бәріне белгілі бастапқы ұғымдарды түсіндіру үшін емес. Бұл жерде өз тәжірибеңізді бөлісіп, тақырыбыңыздың тыңдаушыларға қаншалықты қызық екенін байқай аласыз.
Тыңдаушыларға тақырыпты тереңірек түсінуге көмектесіңіз
Кейбір тақырыптарды түсіну үшін бастапқы білім қажет. Ондай жағдайда негізгі ұғымдарды түсіндіретін шағын мақала дайындап, сілтемесін баяндаманың басында беріңіз.
Сонда тыңдаушылар қажетті материалды қайдан табатынын біледі. Баяндама кезінде сіз негізгі ұғымдарға көп тоқталмай, қызығырақ әрі күрделірек мәселелерді талқылай аласыз.
Ал кейін тыңдаушылар мақаланы оқып, YouTube-тағы баяндама жазбасын қайта қарап, түсінбей қалған тұстарын толықтыра алады.
Баяндамаңыз YouTube-та жарияланады
Митаптардағы баяндамалардың жазбаларын YouTube арнамызда жариялаймыз.
Демек, сіздің баяндамаңызды тек сол күні залда отырғандар емес, кейін видеоңызды көрген адамдар да тыңдайды. Сондықтан көп жерде айтылып жүрген жалпы мәліметтерді қайталағаннан гөрі өзіңіз кездескен нақты мәселе мен оны шешу тәжірибесін бөліскен пайдалырақ.
Сонда баяндамаңыз сол күнгі кездесуден кейін де құнын жоғалтпайды.